05 Наурыз, 2015

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысы №2

376 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2015 жылғы 24 ақпан №2 Астана қаласы Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағын ресми түсіндіру туралы Қазақстан Республикасы Конститу­циялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың: өтініш субъектінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Г.В.Кимнің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Қ.Сәрпековтің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әді­лет ми­нистрінің орынбасары З.Х.Баймол­динаның, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы А.А.Қасымовтың, Қазақстан Республикасы Бас проку­ратурасының өкілі – Қазақстан Респуб­ликасы Бас Прокурорының орынбасары А.Н.Кравченконың, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілі – Қазақ­стан Республикасы Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі М.А.Сәрсембаевтың, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы В.А.Калюжныйдың, «Заңгерлер әділ сайлау үшін» Рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестіктің президенті Ө.Қ.Қопабаевтың қатысуымен, өзінің ашық отырысында Қазақстан Респуб­лика­сы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.К.То­қаевтың Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 41-бабының 3-1-тар­мағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады. Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституция­лық Кеңесінің мүшесі Н.В.Бе­лоруковтың хабарлауын, отырысқа қаты­сушылардың сөйлеген сөздерін тың­дап, сарапшылар: заң ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті заң факультетінің халық­аралық құқық кафедра­сының профессоры Е.М.Абайділдиновтің; заң ғылым­дарының докторы, Д.А.Қонаев атын­дағы Көлік және құқық гуманитарлық универси­теті­нің конс­титуциялық және халық­аралық құқық кафедрасының профессоры Қ.К.Айт­қожиннің; заң ғылымдарының док­торы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, консти­туциялық құқық кафедрасының профессоры Ж.Д.Бұсырмановтың; Қазақ-гуманитарлық заң университетінің Құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерт­теу институтының директоры, заң ғылымда­рының докторы, профессор С.Ф.Ударцевтің қорытындыларын талдап, конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып, бірқатар шет елдердің заңнамасы мен практикасын зерделеп шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі анықтады: Қазақстан Республикасы Конститу­ция­лық Кеңесіне 2015 жылғы 19 ақпанда Қазақ­с­тан Республикасы Парла­менті Сенаты Төр­ағасының Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 41-бабының 3-1-тар­ма­ғын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Бұл конституциялық нормаға түсіндірме берген кезде өтініш субъекті мынадай сұрақтарға жауап беруді сұрайды: «1. Қазақстан Республикасы Конститу­циясының 41-бабының 3-1-тармағы Қазақстан Республикасы Президентінің Президенттің ке­зектен тыс сайлауын тағайындау туралы сөзсіз құқығын қарастыра ма? 2. Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Қазақстан Республикасы Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастыра ма?». Негізгі Заңның нормаларын өтініш нысанасына қатысты талдап шығып, Конс­титуциялық Кеңес мынаны негізге алды. 1. Қазақстан Республикасында мемле­кеттік биліктің бір­ден-бір бастауы – халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар (Конституцияның 3-бабының 1-3-тармақтары). Бұл конституциялық ережелер демо­кратияның тікелей және өкілді нысан­да­рының қатынастарын, Қазақстан Респуб­ли­касы азаматының мемлекет ісін басқаруға тікелей және өз өкілдері арқылы қатысу құқығын қоса отырып, оның мәртебесін, сондай-ақ Республиканың жоғары мем­ле­кет­тік органдарының мақсатын, құрылу тәр­тібін, функцияларын, құзыреті мен жауап­кершілігін, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік механизміндегі өзара қарым-қатына­сын кейіннен Негізгі Заңда бекіту және рет­теу үшін халық билігінің тұтас жүйе­сінің саяси-құқықтық бастауларын жасайды. Республика Президенті жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы сайлайтын бірден-бір дара тұлға, Қазақстан халқының ең жоғары өкілі. Сол арқылы Республика Президентін сайлау – оған мемлекеттегі жоғарғы билікті берудің нысаны болып табылады. Сайлау қорытындылары бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанды басқаруға, ел ішінде және халықаралық қатынастарда халықтың атынан өкілдік етуге және оның мүддесін білдіруге мандат алады. Мемлекеттің басшысы, оның ең жо­ғары лауазымды тұлғасы бола отырып, Қазақстан Республикасының Прези­денті мем­л­екеттің ішкі және сыртқы саясаты­ның негізгі бағыттарын айқындай­ды. Қазақстан Республикасының Конституция­сы жалпы халық сайлаған Президент­тің халық пен мемлекеттік билік бірлі­гінің, Конституцияның мызғымас­тығының, адам және азамат құқықтары мен бостан­дықтарының нышаны әрі кепілі ретіндегі мәртебесін бекітеді, оған мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету міндетін жүктейді (40-бап). Республика Президентінің шешімдері мен іс-әрекеті, оның ішінде Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу, Конституцияның Кіріспесінде және «Жалпы ережелер» деп аталатын І бөлімінде, сондай-ақ өзге де ережелері мен нормаларында тұжырымдалған мақсаттар мен құндылықтарға қол жеткізуге және оларды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Бұлардың қатарында Республика қызметінің түбегейлі принциптері – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу (1-баптың 2-тармағы). 2. Негізгі Заңның 41-бабының нор­ма­ларымен Президенттің сайлауын ұйым­дастыру мен өткізудің құқықтық бастау­лары жүйелі түрде регламенттелген. Өзінің жиынтығында және басқа конституциялық нормалармен өзара әрекеттесе келе, олар, тұтас алғанда Республика Президентінің сайлауында ха­лық билігі жүйесінің қызмет істеуін қам­та­ма­сыз ете отырып, Мемлекет басшысын сай­лаудың қағидаттарын айқындайды, сай­лау про­цесі субъектілерінің қызметін реттейді. Республика Конституциясының 41-ба­бы­ның 3-1-тармағымен Президенттің кезек­тен тыс сайлауы Республика Прези­ден­тінің шешімімен тағайындалады және консти­туциялық заңда белгіленген тәртіп пен мер­зім­де өткізіледі деп көзделген. Мемлекет бас­шысының кезектен тыс сайлауы Негізгі Заңның 41-бабының 3-тармағымен белгі­лен­ген мерзімнен тыс өткізіледі және ол Рес­пуб­­лика Президентінің шешіміне тіке­лей бай­­ланысты. Оны тағайындау үшін Конс­ти­ту­цияда белгіленген құқықтық шектеулер жоқ. Осылайша, Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау Негізгі Заң­ның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес Рес­публика Президентінің айрықша құзыретіне жатады. Бұл конституциялық құқықтылыққа қандай да болсын шарттар мен шектеулер қойылмаған және оны Мемлекет басшысы жеке-дара жүзеге асырады. 3. Конституцияның 41-бабының 3-тар­мағына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі № 2464 Қазақстан Республикасы Конс­титуциялық заңының 51-бабына сай (бұдан әрі – Сайлау туралы конституциялық заң), Республика Президентінің кезекті сайлауы мерзімі жағынан Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс. Бұл Президент және Парламент сайлауының уақыты жағынан ара-жігін ажыратуға және сол арқылы, мемлекеттік биліктегі тепе-теңсіздіктің алдын алуға және толыққанды сайлау науқанын өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан, Президенттің және Парла­менттің кезекті сайлауын өткізу мерзім­дерінің тұспа-тұс келуі Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау үшін конс­­титуциялық негіздердің бірі болуы мүмкін. Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау үшін құқықтық негіз жасайтын Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағы, Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізудің тәртібі мен мерзімі туралы мәселені шешуді конституциялық заң деңгейіне бере отырып, бұл сайлаудың мерзімі жағынан Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келуіне жол берілмейтіндігі туралы қағиданы қамтымайды. Сайлау туралы конституциялық заң, өз кезегінде, «Президенттiң кезектен тыс сайлауы осы Конституциялық заңда Пре­зиденттiң кезектi сайлауы үшiн белгi­лен­ген қағидаларға сәйкес өткiзiледi», деп айқын­дайды (66-1-бап). Яғни, Сайлау туралы конституциялық заң Республика Прези­дентінің кезектен тыс сайлауын өткізудің тәртібіне айтарлықтай ерекшелік енгізбейді және бұл сайлауға, Президенттің кезекті сайлауы сияқты, сайлау процесін реттейтін жалпы қағидалар қолданылуға тиіс. Қазіргі уақытта заңдық күші сақталып отырған, «Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 41-бабының 1 және 3-тармақтарын және 94-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5 Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысынан, Негізгі Заңның 41-бабының 1 және 3-тармақтары жалпы сипатқа ие екені және Мемлекет басшысының барлық сайлауына қатысты екені келіп шығады. Осылайша, Конституцияда белгіленген қағидалар, Республика Президентінің сайлауы кезекті бола ма, кезектен тыс бола ма, оған тәуелсіз, барлық сайлау үшін бірыңғай. Республика Президентінің кезекті және кезектен тыс сайлауының құқықтық табиғаты, өткізілу тәртібі және құқықтық салдары тұтастай алғанда бірдей және сайлауды тағайындау субъектілері мен өткізу мерзімдері бойынша ғана ерекшеленеді. Осы конституциялық нормаларды жүйелі түрде талдауды, Конституциялық Кеңестің аталған нормативтік қаулысында оларды ресми түсіндіруді және Сайлау туралы конституциялық заңның 66-1-бабының конституциялық-құқықтық мағынасын негізге алып, олардың Конституцияның жалпы ережелерімен және принциптерімен қисынды түрдегі байланысы мен қабаттастығын назарға ала отырып, Конституциялық Кеңес Республика Президентінің кезекті сайлауының мерзімі жағынан Парламенттің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келуіне жол бермейтін Конституцияның 41-бабы 3-тармағының ережесі Президенттің кезектен тыс сайлауына да қолданылады және бұл жағдай сайлауды тағайындағанда ескерілуге тиіс деп пайымдайды. Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақ­шасын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конс­титуциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының 41-бабы 3-1-тармағының нормасын, Қазақстан Республикасы Президентінің Президенттің кезектен тыс сайлауын жеке-дара тағайындауға айрықша құқығы бар деп түсінген жөн. 2. Елбасының Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырмайды. Мұндай сайлау тағайындау туралы шешім қабыл­дағанда Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының 41-бабының 3-тар­­мағында қарастырылған, Республика Президентінің сайлауы мерзімі жағынан Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс деген қағида ескерілуі керек. 3. Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады. 4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.РОГОВ.